«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ –на қарасты «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ы жүк және жолаушы тасымалы жөніндегі ереже бұзушыларды бақылауға алып, олардың алдын алу үшін кешенді шаралар ұйымдастырып келеді. Аталмыш шара барысында көптеген құқық бұзушылық пен тәртіп сақтаудағы кемшіліктердің бетін ашуда.
Сол шаралар нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 айы ішінде Қазақстанда құрастырылған және ТМД елдерінің жолаушы пойыздарында жүрген билетсіз жолаушылар мен құжатсыз жүктер тасымалы өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге, ал өз еліміздің пойыздарындағы құжатсыз жолаушылар саны 6 есеге азайып отыр.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның еңбек тәртібі және кадрмен қамту жөніндегі атқарушы директоры міндетін атқарушы Жұмаш Садықов мұндай тексерулердің (рейд) осы кезге дейін тұрақты түрде жүргізіліп келгенін және алдағы уақытта да бұған бақылау қатаң болатынын айтады.
Тосыннан ұйымдастырылған тексерістер тобының құрамына қоғамның солтүстік аймақтық инспекторлары, аймақтық филиалдардың мобильді топтары, олармен бірге құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен «Нұр Отан» ХДП- ның мүшелері тартылып, ол күнделікті және жүйелі түрде жүргізіліп келеді екен.
Осындай тексерістің бірі 24 тамыз күні №16 Петропавловск – Алматы жолаушылар пойызына ұйымдастырылып, оның құрамына қоғамның инспекторлары мен «Астана» телеарнасының және «Халық сөзі» қоғамдық-саяси газеті мен теміржолшылардың төл газетінің тілшілері енді. Бұл күнгі рейд Астана мен Қарағанды станциялары арасындағы жолаушылар пойызында кездескен олқылықтарды бақылауға алып, оларға заң жүзінде түсініктемелер беруге, келеңсіз жайларды болдырмауға арналды.
Жұмаш Қылышханұлы айтқандай, жүргізілген шаралар өз нәтижесін беріп жатқан көрінеді. Әсіресе, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге, қызметтің түрлерін көбейту жағына көп көңіл бөлініп жатқанға ұқсайды. Ал жолаушылар билетін алыпсатарлармен күрес жөніндегі мәселелер ведомствааралық комиссия отырысында жиі қаралады екен. Оған жергілікті әкімият өкілдері, көліктік прокуратура, желілік ішкі істер бөлімі мен экономикалық және коррупциялық қылмыспен күрес департаментінің қызметкерлері де қатыстырылатын көрінеді.
Осындай кешенді жоспарлар негізінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы Алматы-1 және Алматы-2 станцияларынан 14 билет сатушылар ұсталып, желілік ішкі істер бөліміне тапсырылыпты. Жеті бақылаушының көмегімен қоғам инспекторлары жолаушылар пойыздарынан осындай 4 адамның билет алғанын анықтаған көрінеді. Мұндай билет сатушылар көбінесе вокзалдан тыс орналасқан жеке кассалардан кездеседі екен.
Біз мінген пойыздың жолаушылары арасында мұндай сырттан билет алушылар кездескен жоқ. Ал пойыз ішіндегі жолаушылардың бар айтатындары вагондардың ескілігі, купелі вагонның аздық ететіні жөнінде болды. Ал жолсеріктер қызметіне мін таққандар болмады, керісінше жолаушы хылықтың жағдайын мүмкіндігінше жасап келе жатқан еңбектеріне ризашылықтарын білдірді.
...Қарағандыдан кейін қарай №85 Сарыағаш – Астана жолаушы пойызымен қайттық. Пойыз бастығы М.Мырзақұлов бізбен бірге еріп жүрді. Жолсерік Е.Аяжановтың вагонынан бастап билеттерді тексеріп келеміз. Жолаушылардың бірі Жазира Нұрсейітова билетті алдыңғы станциядан қымбат бағаға алғанын айтып шағымданды. Төрт күн бұрын, үстіне қосымша ақша төлеп алғанын да жасырмады.
Жолаушы Е.Шорабекова Тараздан билет ала алмаған соң Сарыағаш арқылы алғанын айтты. Билеттің құны 3493 теңге тұрса, мұны ол 4400 теңгеге алыпты. Өзі Астанада тұрады екен. Ал бұл жақтан кетерде де Таразға билет болмай, Шымкентке дейін алған көрінеді. Бұл кісінің ашынғандығы сонша, тіпті осы кезге дейін қаншама рет Таразға барғанымен бірде-бір рет нақты билет ала алмағанын айтты. «Далаға тастай алмай жүрген ақшамыз жоқ ғой» дейді ол.
Біздің мақсатымыз, осындай келеңсіз жайларды болдырмай, «Жолаушы тасымалы» АҚ жүргізіп отырған келеңсіздіктерді жою шараларына үн қосу болмақ. Темір жолдың тиімді қатынас жолы екенін дәлелдеп, еңселі елдің абыройын көтерген теміржолшылардың еңбегін орынды бағалаудың қажеттілігін айту еді.
Бұлардан басқа, жолаушылар пойызында құжатсыз жүк тасымалдауға жол берген жолсеріктер де кездесіп қалады. Реті келгенде айта кету керек, 22 тамыз күні №6804 электрлі пойызында 59 адамның билетсіз мінгені белгілі болды. Бұл жөнінде 2 акт жазылған. Пойыздың аға жолсерігі Жарқынбекова. Сондай-ақ осы күні Бішкек – Свердловск жолаушы пойызынан (пойыз бастығы Дүйшенбиева Д.) 1300 килограмм құжатсыз тиелген жүк түсірілді.
23 тамызда №15 Алматы – Петропавловск жолаушы пойызының вагон-мейрамханасынан 200 килограмм заңсыз тасымалданған жүкті Жарық–Қарағанды телімінде бақылаушылар қолға түсірген.
Ал 24 тамызда №306 Свердловск – Бішкек жолаушы пойызынан да 300 килограмм құжатсыз жүк түсірілген. Оның 150 килограмы №8-ші вагоннан, 150 килограмы №13 вагоннан (Пойыз бастығы Т.Абыкаев) алынған. Бұл да Қарағанды – Жарық телімінде тәркіленген.
Осындай және басқа да кездескен жайлар төңірегінде инспектор Н.Мұқашев пен аға инспектор Марат Дәрібаевтардың айтуынша, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар оң нәтижесін беріп жатқан көрінеді. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолаушы пойыздары мен кассаларда тәртіп пен реттілікті жолға қоюда көп ілгерілеушілік байқалады. Бірақ, әлі де болса әлгіндей билетті алып сатушылар, болмаса таныстық арқылы «көзжұмбайлыққа» барушылардың кездесетіні жасырын емес. «Жолаушы тасымалы» компаниясының өкілдері мұндай келеңсіздіктерді түп тамырымен жоюдың ауылы алыс емес дейді.
Төребай КЕНЖЕБАЙ
27 тамыз 2010 жыл «Қазақстан теміржолшысы»