– Ақболат Ландышұлы, жолаушы айналымының өсімі Қоғамның қаржылық ахуалының да түзелуіне бетбұрыс жасаған болар. Бізді қызықтырып отырған мәселе, жетістікке жетекшілік еткен қандай факторлар?
– Дұрыс айтасыз, жолаушы айналымының өсімі қаржылық жағдайымызға оң өзгерістер әкелді. Субсидияны қоса есептегенде кіріс көлемі едәуір ұлғайды. Ал қоғам қызметінің тиімділігіне негіз болған көрсеткіштерге келетін болсақ, ол біріншіден бір қызметкерге шаққандағы еңбек өнімділігінің 667 мың жолаушы-километрді құрап, жоспардың 109 пайызға жетіп жығылуы болса, екіншіден бір жолаушы вагоны өнімділігінің 2009 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 4 пайызға артуы еді. Сондай-ақ, 1 жолаушы-километрдің толық өзіндік құны межеленген жоспардан 10,6 пайызға төмендеп, қоғам қызметіне оң ықпалын тигізді. Өзіңіз білесіз, жолаушылар тасымалы кірісінен шығыны көп шаруашылық қатарына жатады. Бірақ, жұмыстың көзін таба білсеңіз, тығырықтан шығудың сан тарау жолы бар. Біз де Қоғамда көп шығынды қажет ететін қызметтерді қысқартуды ұйғардық. Алдымен 2010 жылда тиімділікті арттыратын сыртқы және ішкі резервтерді анықтап алдық. Осы шаралар негізінде Қоғам бойынша орындалатын жұмыс көлеміне қызметкерлерін санын сәйкестендірдік; жұп доңғалақтарды жөндеу, төсек жаймаларын жуу, локомотив тартымы сияқты қызметтер бағасын төмендету, агенттік кассаларға сыйақы төлемін азайту, сондай-ақ, Тальго вагондарына техникалық қызмет көрсететін келісімшарттың бағасын төмендету бағытында жұмыстар жүргіздік; 14 бағытта тиімсіз тіркеме және кідіріссіз вагондарды алып тастадық. Осындай өзге де шаралардың арқасында бірінші жартыжылдықта 289 млн теңгенің тиімділігіне қол жеткізсек, жыл соңына дейін оны бір миллиард теңгеден асырмақ ойымыз бар. Бұдан басқа мамыр айында 386,1 млн теңге көлемінде бізге қосымша субсидия бөлінген еді. Қазір біз құзырлы мемлекеттік органдармен бірге жолаушы пойыздарының қозғалыс кестесін бұдан әрмен қарай оңтайландыру, тіркеме, кідіріссіз, багаж вагондары мен вагон-мейрамханаларды субсидиялау және Субсидиялау ережесіне оңтайлы өзгерістер енгізу, сондай-ақ, бүгінде толық тарифпен қатынап жүрген жолаушы вагондарына магистральдық темір жол желісі қызметінің коэффициентін уақытша төмендетуге ұсыныс жасау бағытында топтасқан жұмыс жүргізіп жатырмыз.
– Өзіңізге белгілі жайт, қазір жүк немесе жолаушы пойызы қозғалысының кестесі бұзылған жағдайда, соған мұрындық болған шаруашылық экономикалық жауапкершілікке тартылады. Бұл жүйе пойыздар кідірісін азайтуға септігін тигізер ме екен...
– Әлбетте, қай шаруашылық әр тиыны санаулы қазынасының ортайғанын қалайды дейсіз. Экономикалық жауапкершілікке тарту жазасын ешбір кәсіпорын қаламасы анық, алайда, бұл қозғалыс қауіпсіздігін жақсарту және жұмысты үйлесімді ұйыстыру бағытындағы жауапкершілікті қатаңдай түседі. Өзіңіз ойлап қараңыз, мысалы жол, вагон, электрмен жабдықтау, белгі беру-байланыс шаруашылықтары пойыздарды қандай жағдайда тоқтатады, егер әлде бір ақау немесе кемшілік тапса, сондай-ақ, жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін «толаскездерде» тоқтатады. Ал біздің жолаушы шаруашылығында пойыздар қозғалысы кестесінің сақталуы өндірістік-техникалық қызметімізді бағамдайтын басты көрсеткіш болып табылады. Алайда, қозғалыс кестесін мүлтіксіз сақтауға мүмкіндік болмай отыр. Мәселен, үстіміздегі жылдың алты айында жол үстінде әртүрлі факторлардың әсерінен 1337 жолаушы пойызының қозғалыс кестесі бұзылды, ал өткен жылы осы уақыт аралығында 2937 факті тіркелген болатын, екі жылдың көрсеткішін салыстыра келе, биыл пойыздардың тоқтап тұруына әкелген оқиғалардың 55 пайызға төмендегенін байқауға болады. Осы пойыздардың жол үстінде тоқтап тұруына әкелген 61 жағдайға «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері кінәлі. Дегенмен, бұл көрсеткіш те өткен жылға қарағанда екі есеге азайды. Әрине, біз жылжымалы құрам қозғалысының кестесін бұзбауға одан әрмен қарай әрекет жасап, қолға алған шараларымызды жалғастырамыз. Қазірдің өзінде Қоғамның аймақтағы филиалдарының жетекшілері жол бөлімшелері басшылары өткізетін өндірістік жиналыстарға қалмай қатысып келеді. Өйткені, бұл жиындарда пойыздар қозғалысына нұқсан келтіретін кедергілердің алдын алу шараларына қатысты жоспар жасалып, орын алған кідірістерге кінәлі құрылымдық бөлімшелердің жауапкершілігі туралы шешім айыппұл төлемдерін ұсына отырып қабылданады. Сонымен қатар, мемлекетаралық түйісу бекеттерінде жолаушы пойыздарының кідірісін азайту мақсатында біздің Қоғам «ҚТЖ» ҰК»АҚ құрылымдық бөлімшелерінің, кеден және шекара қызметінің өкілдерімен бірлесе аталмыш пункттерде жолаушы пойыздарының қозғалыс кестесінің бұзылмауына қатысты бірлескен жиналыстар өткізіп, нұсқаушы құраммен және пойыз бригадаларымен Жолаушылар, багаж және жүк багажын тасымалдау ережелерінің бұзылмауына қатысты, ал бұзылған жағдайда қатаң жаза қолдану, тіпті жеке еңбек шартын бұзатын жұмыстар жүргізіп жатыр. Бүгінде жолаушы пойыздарының техникалық және санитарлық жағдайына бақылау күшейтіліп, жолаушы вагондарын рейске сапалы дайындауға тиісті шаралар қолданылып жатыр. Міне, осындай жұмыстардың арқасында біз елімізде жасақталған пойыздарда билетсіз жолаушылардың тасымалдануына тиым салып, тәртіп орнаттық.
– Ақболат мырза, жолаушы вагондарының техникалық жағдайына жиі сын айтылады. Әрине, вагон паркін бірден жаңартуға мүмкіндік болмай отырғаны да түсінікті. Бірақ, жолаушы тасымалының үдерісін қамтамасыз етуге бұл вагондардың қауқары жетеді ме?
– Иә, расында дәл қазір жолаушы тасымалын жүзеге асыратын шаруашылықты жаңа жылжымалы құраммен толықтыру мүмкіндігі шектеулі екенін жасыра алмаймыз. Соған қарамастан жолаушы тасымалындағы қажеттілікті қамтамасыз ету және қолда бар вагон паркінің техникалық ресурсын күтіп ұстау «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан талап етіліп отырған негізгі міндеттердің бірі. Осыны ескерген біз өзіміздің шама-шарқымыз жететін кәсіби шаралар кешенін жасауға және оны жүзеге асыруға басымдық бердік. Тасымалдау үдерісінің вагон паркінің жағдайына мейлінше тәуелді екенін ескеріп, Вагон паркін тиімді пайдалану және техникалық ресурсты арттыру бағдарламасын жасадық. Бұл бағдарламаның басты мақсаты қолда бар вагондарды ұтымды пайдалану және оларды тиісті техникалық және тұтынушылық деңгейде қамтамасыз ету болып табылады. Біз отандық вагон жөндеу кәсіпорындарының басшыларын шақырып, бірлесіп жылжымалы құрамдарды жоспарлы жөндеу түрлерінен өткізудің сапасын арттыру бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырдық және басқа өзекті мәселерді шешу жолдарын қарастырдық.
Қазірдің өзінде аталған бағдарлама шеңберінде «Ырысты-АЭВРЗ» АҚ және Алматы вагон жөндеу зауытында вагондарға жөндеу жұмыстары жүргізілгенде ішкі жабдықтарына және вагон интерьеріне озық үлгідегі сапалы материалдарды пайдалануға қатаң талап қойып отырмыз.
Бүгінде Қоғамның 9 пойызының құрамына (№7/8, 83/84, 39/40 және басқалары) және бағдарлық ара қатынасына енгізілген өзгерістің тиімділігін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша тиісті ұсыныспен Көлік және коммуникациялар министрлігіне шықпақпыз. Осы арада, аталмыш бағдарларды оңтайландыру арқылы вагон паркінің өнімділігін арттырып, вагон жетіспеушілігінің түйткілін біртіндеп төмендетпекпіз.
Бағдарламада қарастырылып отырған тағы бір мәселе, пойыздарды вагондармен толтыруда вагондардың жөндеу кестесін ұтымды құру. Осыған орай, біз вагондарды жөндеуді жоспарлаудың бүгінгі жүйесіне өзгерістер енгіздік. Яғни, жаз маусымында жөндеуге жіберілетін вагондар санын азайту. Себебі, жаз маусымында жолаушы ағыны күрт өседі, сондықтан вагон паркіне қосымша құрамдар ауадай қажет.
Бағдарламада міндеттелген шаралардың бірқатары вагондардың тұтынушылық ерекшелігін және техникалық жағдайын жақсартуға негізделіп отыр. Мысалы, вагондарды жаңғырта отырып, күрделі-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, пойыз машинисімен байланысын, пойызда хабар тарату, өрт қауіпсіздігінің жаңа жүйелерімен, моноблокты климаттық қондырғылармен, экологиялық таза әжетханалармен вагондарды жарақтандыру, вагондарды қабылдау кезінде техникалық персоналдардың жауапкершілігін қатаңдату және т.б. Ал жолаушы вагон паркін жаңалау мәселесіне келсек, кеше ғана елордамызда жолаушы вагонын құрастырып шығатын зауыттың қадасы қағылды. Бұйыртса, келесі жылы сол зауыттан 30 шақты отандық жолаушы вагоны, оның арғы жылы 150 вагон шығару жоспарланып отыр. Әрине, өзіміздің вагондарымыз шығып, пайдалануға берілгенде жолаушы вагондарының техникалық жағдайына айтылатын сын да азаяры анық. Бұл әзірге уақыт еншісіндегі мәселе.
– Ақболат Ландышұлы, темір жол көлігі адамдардың көп пайдаланатын қолжетімді және қауіпсіз көлік түрі болып табылады. Сондықтан жолаушыларға көрсетілетін қызметтер де уақыт талабына сай болуы тиіс. Қазір сервисті жақсарту жолында жасалып жатқан игі істерді көпшілік көріп те, жақсы бағалап та жүр. Бұл ізгі істер үрдісі жалғаса беретін болар...
– Әрине, жолаушыларға көрсетіліп отырған сервистік қызметті одан әрмен қарай жетілдіру Қоғамның алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі. Сапалы сервистік қызметтің көрсетілімін анықтайтын көрсеткіштің бірі ревизорлық аппарат пен пойыз бригадаларының жұмысын бағалау болып табылады.
2010 жылдың бірінші жартыжылдығының жұмыс қорытындысы бойынша пойыз бригадаларының жұмысына сараптама жасадық. Байқағанымыз, билетсіз жолаушыларды тасымалдауға қатысты заңды белінен басқан оқиғалар өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға төмендепті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Десек те, жолаушыларға көрсетіліп отырған сервистік қызметте әлі де кемшіліктердің барын жоққа шығара алмаймыз. Осыған орай, біз қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында үш бағытты анықтап алдық. Олар вокзалдарда және пойыздарда жолаушыларға көрсетілетін қызметті жақсарту; жол жүру құжаттарының сатылымын ұйымдастыруды әрмен қарай жетілдіру; жолаушы кешенінің ақпараттық ресурсымен тұрғындарды сапалы қамтамасыз ету және еркін қолжетімді болуын ұйымдастыру.
Ағымдағы жылдың маусым айында №71/72 «Астана – Мәскеу» бағытына жаңартылған 30 вагоннан тұратын 3 пойыз шығардық. Бұл пойыздардың артықшылығы, жолаушыларға қолайлы әрі сервис деңгейі жоғары.
Қазіргі кезде осыған ұқсас жұмыс №7/8 «Алматы – Мәскеу» бағытындағы жолаушы пойызы құрамында да жүргізіліп жатыр. Бірінші құрамды қыркүйек айында іске қосуды жоспарлап отырмыз, қалған үш құрам үстіміздегі жылдың соңына дейін берілмек. Келешекте мұндай тәжірибені басқа да пойыздарда жүзеге асырмақ ойымыз бар. Сонымен қатар сервисті жақсарту жолында пойыздарда тамақтануды ұйымдастыру амалдары да қарастырылып жатыр.
Бүгінде билет сатылымын ұйымдастыру шаралары да жетілдірілуде. Мысалы, кластан тыс вокзалдарда билет сататын автоматтар енгізілуде. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Алматы қаласының вокзалдарында электронды кезек жүйесін орнату жоспарланып отыр. Ал өткен шілде айының 20-сынан бастап Астана және Алматы қалаларында Интернет арқылы ресімделген билеттерді жеткізудің жаңа қызметі іске қосылды. Жақын күндері №1/2 Астана – Алматы пойызына жолаушыларды электрондық билет бойынша отырғызу мүмкіндігін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы арада үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында электрондық сатылым деңгейі бірінші тоқсанға қарағанда 33 пайызға өскенін айта кетуіміз керек. Осы жүргізілген шаралар нәтижесін есепке ала отырып, Қоғам алдына айсайынғы сатылым көлемін осы жылдың соңына дейін екі есеге ұлғайту міндеті қойылып отыр.
Қазіргі кезде біз билеттерді төлем терминалы желілері арқылы қолма-қол ақшаларын төлей отырып, сатуды ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз. Сонымен қатар жолаушыларды жолаушы кешенінің ақпараттық ресурсымен сапалы қамтамасыз етіп және еркін қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін біртұтас ақпараттық сервис орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Ол клиенттерге телефон арқылы және мультимедиялық каналдар арқылы тәулік бойы қызмет көрсететін болады. Бір сөзбен айтқанда, біз қызметімізді жолаушылардың жүрегінен жол табуға жұмылдырып отырмыз.
– Иншалла, игі істеріңіз сәтті болсын! Тағы бір сауал жолаушы тасымалын жүзеге асыруда маңызды аспект болып табылатын қозғалыс қауіпсіздігінің сақталу деңгейі қандай және Қоғам алға қандай мақсат-міндеттер қойып отыр?
– Сан мыңдаған адам өз өмірін сеніп тапсыратын пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлық шаруашылықтар үшін нөмірі бірінші мәселе болып қалмақ. Құдайға шүкір, біз бұл сенімді ақтап келеміз. Үндістандағы жолаушы пойызының жан түршігерлік апатты жағдайын көрген шығарсыз. Қандай қайғылы оқиға. Иә, оның бетін әрмен қылсын. Өзіңіз білесіз, «ҚТЖ»ҰК»АҚ басшылығы темір жол көліктерінің қозғалыс қауіпсіздігін жақсарту, күшейту бағытына айрықша ден қойып, талапты қатаңдатқан. Соның нәтижесінде, ақау оқиғалары өткен жылға қарағанда едәуір азайды. Ұлттық компания басшылығының бұл ұстанымына біз де қолдау көрсетіп, қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға мүдделілік танытудамыз. Дегенмен, азын-аулақ кемшіліктер кетіп жатады. Мысалы, үстіміздегі жылдың алты айында жолаушы шаруашылығы кәсіпорындарының кінәратынан қозғалыс қауіпсіздігі 9 мәрте бұзылды, бірақ бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 40 пайызға азайып отыр. Ал ақаулы оқиғаға келсек, өкінішке қарай, биыл бір фактіге жол беріп алдық.
Екінші жартыжылдықта да қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға маңыздылық беріп отырмыз. Әсіресе, тариф саясаты мен субсидиялау тәртібін жетілдіру, Вагон паркінің пайдалану тиімділігін және техникалық ресурсты арттыру бағдарламасын жүзеге асыру, негізгі салымдар жоспарын игеру, сонымен қатар жолаушы пойыздарында қолайлылық пен сервис деңгейін одан әрмен қарай жетілдіру, вагон-мейрамханалар жұмысын ұйымдастыруда жаңа амалдарға көшу, тұрғындарға қызмет көрсетудің және билет сатылымының қосымша формаларын енгізу, электрондық сатылымды ұлғайту, бұған қоса «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ-мен және мемлекеттік органдармен жолаушы тасымалы саласында нормативті-құқықтық базаны жетілдіру бойынша бірлесе жұмыс жүргізу маңызды мақсат-міндеттер қатарынан орын алып отыр.
Және де инвестициялық бюджеттің негізінде үстіміздегі жылы 105 вагонға күрделі-қалпына келтіру жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Атырау станциясында жолсеріктер резервін, ал Алматы-2 станциясында жылдың төрт мезгілінде вагон жуатын кешен салу, т.т шараларды жүзеге асыруды жоспарлап, жүргізіп жатырмыз.
Сұлугүл БАКЕСОВА
"Қазақстан теміржолшысы" № 60
06.08.2010г.