Алматыда пойыз билеттерін заңсыз сатып жүрген алыпсатарлар ұсталды.
Қазір қалалық Ішкі істер департаментінің линиялық бөліміне жеткізілгендерді жауапқа тарту мәселесі қаралып жатыр.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ БАҚ және сыртқы байланыстармен жұмыс жүргізу бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, жол жүру құжаттарын заңсыз сатып жүрген үш азамат қыркүйектің 27-сі күні Алматы-1 теміржол стансысының маңында құрықталған. Тексеру барысында темір жол билеттерін алып-сатқандардың екеуінің бұған дейін де заңсыз әрекеттері үшін бірнеше мәрте жауапқа тартылғаны белгілі болды. Жалпы, өткен шілде айынан бері республика аумағында 27 алыпсатар қолға түсіпті. «Қазір осындай келеңсіздіктерді жою бағытында жеке меншік кассалар мен билет сатушылар қатаң бақылауға алынды. Түрлі рейдтер жүргізіліп, жол жүру құжаттарын электрондық сату жолға қойылып жатыр», - дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ БАҚ және сыртқы байланыстармен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы Ғажайып Күмісбек.
Ғажайып Күмісбек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ БАҚ және сыртқы байланыстармен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы:
- Нақты айтқанда, Астана, Қарағанды, Алматы және Ақтөбе стансы вокзалдарында теміржол билеттерін сатуға және ғаламтор арқылы тапсырыс берілген билеттерді рәсімдеуге арналған 18 электрондық автомат орнатылды. Келер жылы еліміздің ірі аймақтарында осындай тағы 15 автомат орнату жоспарланып отыр. Сол сияқты, биылғы жылғы шілденің 20-сынан Астана және Алматы қалаларында ғаламтор арқылы тапсырыс берген билеттерді жолаушыға жеткізу қызметі іске қосылды. Жыл соңына дейін республика өңірлерінде төлем терминалдары арқылы билет сату қызметі де жүзеге асырыла бастайды.
"Алаш айнасы" газеті 30.09.2010ж.