рус.  каз.
Прогноз в г. Астана ▼
+8...+10 °C
облачно, дождь
GMT+6
18:25
Поиск по сайту
 

Биылғы жылы темір жол көлігімен қатынайтын жолаушылар жақсы өзгерістердің куәсі болады

- Ақболат Ландышұлы, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) халықтың игілігі үшін жұмыс жасайтын кәсіпорынның бірі. «2010 жылды Қоғам жақсы жетістіктермен аяқтады, қойылған тапсырмалар орындалды,- деп «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Ұзақбайұлы Мамин алқалы жиында сіздердің атқарған жұмыстарыңызды атап өткен еді...

 - Ия, жалпы барыс жылы жоспарлаған жұмыстарымыздың басым көпшілігі жүзеге асты. Осы күнде  Қоғам жолаушыларды темір жол көлігімен тасымалдау қызметін 106 қатынаста жүргізеді, оның  ішінде 14-і халықаралық бағыттта. Мәселен, жолаушылар айналымы 2010 жылы 13,9 млрд. жолаушы/шақырымды құрап отыр, ол 2009 жылғы көрсеткіштерге қарағанда 7,8 пайызға көп. Ал бір жылдың ішінде тасымалданған адам саны 15 миллионнан асып түсті. Бұдан, әрбір қазақстандық біздің қызметімізді қолданғандығын байқауға болады. Қоғамның қаржылық нәтижесі де 2009 жылмен салыстырғанда 7 млрд. теңгеге артқан. Жолаушылар пойызының кідіруі 2 есеге кеміп, бірде – бір ақаулық тіркелмеген.

Айта кететін бір жайт, «Жолаушылар тасымалы» жұмысын жақсарту мақсатында 2010 жылы  халықаралық бағытта жүретін  пойыздың  7 құрамын қайта жөндеуден өткізіп, іске қосты. Олар  «Астана-Мәскеу» және «Алматы-Мәскеу»  арасында қатынайды. Бұл мемлекетаралық  пойыздарда жолаушыларға барынша жағдай жасалып, жоғары сапада қызмет көрсетіледі.   2011 жылы дәл осындай қайта жөндеу жұмыстары «Алматы-Петропавл», «Алматы-Атырау», «Алматы-Ақтөбе» және «Алматы – Шымкент» пойыздарында жүргізіледі деген жоспар бар.

Қоғамның вагон паркін жаңарту жұмыстары жалғасын тапты. Мәселен, 2010 жылдың наурызында Ақтөбе - Алматы арасында жүретін пойыз бен  қала маңында қатынайтын Астана-Павлодар электричкасын іске қостық.

Билеттерді сату жүйесін жетілдіру мақсатында, белсенді жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде Интернет арқылы сатылған билеттердің көлемі 5 есеге артты. Бұрын бір айда мыңға жуық билет сатылса, қазір ол сан бес мыңға дейін жетті. Электронды сатылымның үлесін арттыру мақсатында жолаушыларға арнайы сервистік жағдайлар ұсынылды. Мәселен, интернет арқылы сатып алынған билетті жолаушының діттеген жеріне біздің курьер апарып береді. Қарап тұрсақ мұндай ақылы қызмет түрі уақыты шектеулі заманауй адам үшін өте тиімді. Бұған қосымша жыл соңында темір жол билеттерін сататын жаңа технология қолданысқа енгізілді. Өзді-өзіне қызмет көрсететін транзакциялық терминал деп аталатын автомат Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды сияқты ірі станциялардың вокзалдарында  орнатылды. Мұндай терминалдар билеттердің электронды жолмен көптеп сатылуын белсенді түрде дамытуға, адами факторларды және билет кассаларындағы кезекті азайтуға, сонымен қатар, билеттерді сатып алу және рәсімдеу процесінің айқындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Бүгінгі таңда қол жеткізген оңтайлы көрсеткіштерге қарамастан,  халық тарапынан  келіп түсетін сауалдар азаймаған шығар? Әсіресе, әділ сөгістер туғызатын сервистік қызмет көрсетудің жеткіліксіз деңгейі, жолаушылар вагон паркінің санитарлық-техникалық жағдайының нашарлығы деген тақырыптар жиі қозғала ма?

- Жолаушыларға қызмет көрсетудегі проблемалық мәселелер мүлдем жоқ деп айту қиын әрине. Бүгінгі таңда  жолаушылар тасымалының сапасын, қызметін  жақсарту мақсатында белсенді түрде кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сервисті жақсарту, билеттерді сату, бақылау жүйесін жетілдіру, қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту және мотивациясын көтеру жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстармен қатар Қоғаммен үш негізгі бағыттар белгіленіп жүзеге асырылуда. Мысалға олар: пойыздардағы сервисті жақсарту, билеттерді сатуды ұйымдастыруды жетілдіру, халықтың жолаушылар кешенінің ақпараттық ресурстарын сапалы түрде пайдалануын қамтамасыз ету.

Қоғам 2011 жылы электронды билет сатудың көлемін 10 есеге арттыру мақсатын көздеп отыр, демек 1 айда 5 000 билеттен 50 000 билетке дейін сату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылы билеттерді сату автоматтарының жүйесін кеңейтіп, оларды республиканың тағы 10 аймағында  орналастыру көзделіп отыр. Сонда, жыл соңына дейін Қазақстан бойынша өзді-өздіне қызмет көрсететін транзакциялық терминалдың 20 – сы жұмыс жасайтын болады.

Қызмет көрсетудің сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі вокзалдардағы сервисті жақсарту болып табылатыны сөзсіз. Осы тұрғыда 2010 жылы Астана мен  Алматы вокзалдарында электрондық кезек жүйесін енгіздік. Сонымен қатар, ішкі құрал-жабдықтар, атап айтсақ, күту залдарындағы орындықтар, мониторлар мен жарнамалық билбордттарды алмастырумен бірге ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілді. 2011 жылы төлем терминалдарын, электрондық кезек жүйесін тағы екі ірі Қарағанды және Ақтөбе вокзалдарына енгізу,  клиенттерге телефон және мультимедиялық байланыс каналдары арқылы тәулік бойы қызмет көрсететін республикадағы бірегей ақпараттық орталықты құру (Call-center) көзделіп отыр.

- Алыпсатарлар мен билетсіз жүрген жолаушылар туралы айта кетсеңіз.

- «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызмет көрсету саласындағы заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойып, жолаушыларды билетсіз тасымалдауды түбегейлі жою мақсатында кешенді бақылау жұмыстарын жүргізді. Бұған қатысы бар  деген бөлімшелер мен жұмыс нұсқаулықтары қайта қарастырылды. Темір жол билеттерін сататын автоматты жүйеге қажетті өзгертулер енгізіліп, жолаушыларды пойызға отырғызу, жол жүру құжаттарын сату процесстері қатаң бақылауға алынған. Мәселен, 2010 жылы  Қоғамның 470 жұмысшысы заңсыз әрекетке барғандары үшін жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде пойыз бригадаларының жұмысшылары, билет кассирлері, басқа да қызметкерлер бар. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі көрсеткендей билетсіз қатынаған  жолаушылардың саны 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 2 есеге азайған.  Сондай-ақ, Қоғам жолаушыларға жайлы және сапалы қызмет көрсету үшін билет сату кассаларына бақылауды күшейтті. Осыған орай 2010 жылдың қазан айында  Алматы мен Шымкент вокзалдарының маңында орналасқан  жеке агенттіктердің темір жол билеттерін сататын кассаларында тексеру жұмыстарын жүргізді. Шара барысында Қоғам қызметкерлері жолаушылардың құқықтарының бұзылғандығын анықтады. Билет сататын жеке орындар, кассалардың жұмысын реттейтін Ереженің  регламентінде көрсетілген талаптарына сай келмеген. Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша, Қоғам вокзал алаңында орналасқан жекеменшік кассалармен жұмыс жасау туралы келісімшарттың күшін жойды.

 - Өзіңіз атап өткендей, Қоғамның қызметіндегі мақсатты бағыттардың  бірі Техникалық ресустарды көтеру және вагон паркін тиімді пайдалану. Осы бағдарламаны іске асыру  жолында  қандай жұмыстар жүргізілмек?

- Жалпы жұмыстар кешенді түрде жүргізіледі деп толық айтуға болады. Биылғы жылы жолаушылар вагондары мүгедек адамдарды тасымалдау үшін қайта жабдықталады, желдеткіш жүйелері, өрт сигнал жабдығы орнатылып, вагондардың ішкі жабдықталуымен қатар жолаушылар вагондарының техникалық жағдайын жақсартуға 600 млн. теңгеден артық қаражат жұмсалатын болады. Қазіргі таңда «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы Көлік және коммуникация министрлігімен  бірлесе отырып  жолаушылар ағымын талдаудың және тасымалдауға деген сұраныстың негізінде қолда бар вагон паркін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа пойыздарды тағайындау, пойыздардың маршруттары мен кестесін өзгерту бойынша жұмыстар жүргізуде. Вагон паркін тиімді пайдалану жұмыстары арқасында 2010 жылы қосымша 500 мыңнан астам жолаушы тасымалданды. 2011 жылы жолаушылар пойыздарының 13 бағыты бойынша тағайындалуы, қысқартылуы, қатынауының өзгеруі бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

- 2010-2014 жылдарға арналған көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бағдарлама бойынша қандай жұмыстар жүргізіледі, жүрдек жолаушылар қозғалысын дамыту, вагондар паркін жаңарту көзделген бе?

- Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасына айрықша көңіл бөлгені белгілі. Ол дегеніміз, озық технологияларды отандық өнеркәсіпте пайдалану. Машинақұрастыру саласында теміржолшылар  көш бастап келеді деп айтсақ болады. Мысалы, көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бағдарламаның аясында  2010 жылы Қоғаммен 2011 жылдан бастап 2014 жылға дейінгі кезеңде 420 жолаушылар вагондарын сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімшарт  жасалды. Жаңа, заманауй вагондарды Астана қаласындағы зауытта «Тұлпар-Тальго» біріккен қазақ-испандық кәсіпорны шығаратын болады. Биылғы жылы 17 жолаушы вагондарын сатып алу көзделуде.  

Былтырғы жылы жүргізілген жұмыстардың оңтайлы нәтижесінің арқасында, атап айтсақ, өнеркәсіптің қаржылық көрсеткішінің өсуі биыл вагон паркін жаңартуға мүмкіндік туғызды. Ресей мен  Қазақстандық компаниялар арасында екіжақты келісімшарт жасалып  Тверь вагонқұрылыс зауытынан Қоғам  су жаңа 22 жолаушы вагондарын сатып алатын болды.  

Айта кетсек, қазіргі заманғы жылжымалы құрамды пайдалана отырып жүрдек теміржол тасымалдарын дамыту Қоғамнан өзінің қызметін ұйымдастырудағы жаңа және сапасы жоғарырақ  амалдарды талап ететіні сөзсіз. Осыған  байланысты Қоғаммен мына жұмыстар атқарылатын болады: жолаушыларға қызмет көрсететін қызметкерлерді  қайта даярлау, заманауй  вагондарда қызмет көрсетуді ұйымдастыру үшін өзіндік кадрларды дайындау, пойыздар мен вокзалдарда қызмет көрсетудің прогрессивтік формаларын енгізу. Сонымен қатар, нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді күн тәртібіне алып отырмыз. Оның шеңберінде ағымдағы жылы темір жол көлігі туралы Заңға қабылданған өзгерістерді ескере отырып, негізгі нормативтік құжаттардың бірқатарын бекіту жұмысы жоспарланған, олар: жолаушыларды тасымалдау ережесі, вокзалдардың қызметін ұйымдастыру, «Экспресс» АБЖ-ға кіру рұқсаты және басқа да жолаушылар тасымалы қызметін реттейтін құжаттар. Осы күнде  Қоғамның темір жолмен жолаушыларды тасымалдау нарығындағы үлесі шамамен 90%-ды құрайды оның ішінде жолаушылар көлігі қызметтерінің жалпы көлемі – 50%-дан астам. Биыл  мұндай пайыздық көрсеткіштер бұдан жоғары болады деген сенімдеміз. Сонымен, аталған бағыттарды ескере отырып Қоғам 2011 жылы алдына келесі бастамалық мақсаттарды қойып отыр: 1) сервистік қызмет көрсету деңгейін көтеру және оларды жоғары талаптарға сәйкестендіру, 2) жолаушылар вагон паркінің санитарлық техникалық жағдайын жақсарту, 3) еңбек және жылжымалы құрам өнімділігін қосқанда, қызметтің тиімділігінің шешуші көрсеткіштерін көтеру, 4) сонымен қатар, шығынсыз қызметке жету. Қорытындылай келе, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы өзінің тұтынушысына сапалы және тиімді қызмет көрсету үшін барлық күшін салады. 2011 жылы темір жол көлігінде қатынайтын жолаушылар жақсы өзгерістердің куәсі болады деп айта аламын.

 Кәмшат Асхатқызы

"Қазақстан теміржолшысы" газеті, 25.02.2011ж.,№14

АО «Пассажирcкие перевозки»
© 2010 Все права защищены
г. Астана, ул. Кунаева 6, блок Б
контактная информация
Статистика:
852 за сутки
43667 за месяц
877580 всего