Жаңалықтарға оралу

Астана – Омбы халықаралық бағыты бойынша RWS Wagon компаниясының жаңа 45-үлгідегі жолаушылар вагондары іске қосылды

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамды жаңарту бағдарламасы аясында №145/146 «Нұрлы жол – Омбы» халықаралық бағытына RWS Wagon зауытының заманауи 45-үлгідегі вагондарын қосты. Жаңартылған пойыз құрамы «Нұрлы жол» вокзалынан аптасына үш рет — сейсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайды.

Пойыз құрамында жалпы сыйымдылығы 300-ден астам орынға есептелген 8 жаңа купелік және плацкартты вагон пайдалануға берілді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы орындар қарастырылған. Пойыз Астанадан сағат 19:40-та аттанып, Омбы вокзалына ертесіне сағат 08:18-де (Мәскеу уақытымен) жетеді. Кері бағытта Омбыдан сағат 12:07-де шығып, елордаға 04:48-де оралады. Жалпы жол жүру уақыты 14 сағат 53 минутты құрайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жолаушылар вагондары паркін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл — компанияның стратегиялық басым бағыты. Бүгін жаңартылған құрам «Астана – Омбы» бағытына жолға шықты. Аталған өзгерістер халықаралық көлік қатынасын дамытуға жаңа серпін береді», — деп атап өтті, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов.

 

Жаңа 45-үлгідегі вагондар қауіпсіздік, энергия үнемділігі және жайлылық бойынша заманауи талаптарға толық сай келеді. Интерьері тозуға төзімді материалдардан жасалған, климат-бақылау және ауаны залалсыздандыру жүйелерімен, трансформацияланатын ұйықтайтын орындармен, USB-порттармен және 220 В розеткаларымен, Wi-Fi желісімен, биодәретханалармен және заманауи жылу оқшаулағыштарымен жабдықталған.

Вагондарда бейнебақылау және өрт сөндіру жүйелері, сондай-ақ, жылдың кез келген уақытында қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін кондиционер жүйесі орнатылған. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін аудиохабарлама, есіктерді жарықтандыру жүйелері, нәрестелерге арналған жөргек ауыстыру үстелдері, жеке сейфтер және гипоаллергенді әрлеу материалдары қарастырылған. Вагонның жаңа конструкциясы пайдалану үдерістерін оңтайландыруға және қызмет көрсету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Астана – Омбы бағыты 2025 жылдың қысында тұрақты қатынасқа енгізілген.